Халықтан биік ешкім жоқ

Алдағы уақытта елімізде Пар­ла­мент­тік оппозиция инс­титуты енгізіледі, бұл басқа партия­лардың өкілдеріне Парламенттегі кей­бір комитеттерді басқару құ­қын береді. Саяси пар­тияларды  тіркеу үшін 20 мың мүше жеткілікті болмақ. Ал митингіге шығу үшін рұқсат сұрау талап етілмейді, жай ес­­­керт­сеңіз болғаны. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­тысуы­мен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші оты­ры­сында осындай саяси ше­шім­дер қабыл­данды, деп хабарлайды aikyn.kz
Биыл 12 маусымда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды. 6 қыркүйекте Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінің алғаш­қы отырысы өтіп, қоғамды демокра­тия­ландыратын, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ете­тін бірнеше ұсыныс жасалған бо­латын. Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің кешегі отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы І оты­рыста айтылған ұсыныстар бойын­ша қабылдаған шешімін жария етті.
– Біз өз қызметімізде ең алды­мен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын бас­шылыққа алуымыз керек. Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Ұлттық кеңес бірінші кезекте, қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауға тиіспіз, – деп сөз бастаған Президент азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес еке­нін, дегенмен бірқатар мәселе бойынша алға ілгерілеп, шұғыл ше­шімдер қабылданғанын атап өтті. Сонымен, көкейкесті мәселенің бірі – жер және оны тиімді пайда­лануға қатысты десек, бұдан былай пай­даланылмай жатқан жер телімі үшін базалық салық ставкасы 20 есе көбейеді. Мемлекет басшысы Ұлттық комиссия мүшелері пай­да­ланылмай және тиімсіз игері­ліп жатқан жерлерді анықтау мен қай­тару үшін ғарыштық мониторингке көшу қажеттігін атап өтті. Есте болса, Президент қазан айында Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Бұл заңда жерді қашықтан зондтау ескерілген. Енді жерді пайдалану шартын бұзу үшін ғарыштан түсірілген бейнелерді негіз ретінде пайдалану мүмкіндігін пысықтау қажет.
– Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрықты дайындады. Со­нымен бірге аталған жұмыс барлық тәуекелді ескеріп жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірге барлық дайындық жұмыс­тарын аяқтап, 2020 жылдың 1 ма­мырына дейін бірқатар облыстарда жердің ғарыштық мониторингі бойынша қанатқақты жобаны жүргізуі тиіс, – деді Қ. Тоқаев.
Игерілмей жатқан жер телі­мін қайтарып алу кезінде істі созбалаңға салудың түрлі амал-айласы жасалып, салдарынан жерді ешкім пайдалана алмай, бос қалады. Президент мұндайда Үкімет тиісті құқықтық актілерді жедел қабылдап, игерілмей, бос жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу шараларын қолға алуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Президенттің пікірінше, Есеп комитеті бюджет қаржысын игерудегі заң бұзушылықтарды анықтағанымен, бұл жұмыстың нәтижесі егжей-тегжейлі жария­ланбай келеді. Сондықтан 2020 жылдың қаңтарынан бастап Есеп комитеті тексерілетін меморгандар мен ұйымдар бойынша өзінің ау­диторлық шараларының негізгі нәтижелерін жариялайтыны туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Ал квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру үшін аталған сектордың әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарының құрамына азаматтық қоғам өкілдері енгізіледі. Осы орайда Қ.Тоқаев Үкіметке барлық қажетті іріктеу рәсімдерін жүргізіп, 2020 жылғы 1 наурызға дейін кандидатураларды келісуге ен­гізуді тапсырды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорындардың 100-ден астам түрін жеке секторға беруді тап­сырды. Бұл қазіргі тізімдегі квази­мемлекеттік сектордағы кәсіп­орындардың 30 пайызға жуығы екен. Бұл бағыттағы жұмысты жал­ғастыру керегін айтқан Президент Үкіметке 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін осы мәселе бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді.
Президент шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің ел­дің азаматтарын кемсітуге жол берілмеуі керек екеніне мән берді.
– Сіздер де бұл мәселені кө­тергенсіздер. Сондықтан менің тап­сырмаммен өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойын­ша тексеру жүргізілді. Осы уа­қытта 95 компания инспек­циялық тексеруден өтіп, 930 заң­­бұзушылық анықталды, – деді. Ол қандай заңбұзушылық десек, шетел қызметкерлерінің жұмысы берілген рұқсатнамаға сәй­кес келмеген, лауазымы мен бі­лімінің сәйкессіздігі жиі кез­дескен. Құзыретті органдардың тексеруі негізінде және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере келе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті заңнамаға бірқатар өзгеріс әзірлепті. Соған орай 2020 жылға шетел жұмыс күшін тарту квотасы шамамен 40 пайызға қысқарады. Егер биыл шетел жұмыс күшін тарту квотасы 49 мың болса, 2020 жылы 29 мың болады. Сонымен бірге 250-ден астам жұмысшысы бар, оның 30-дан астамы шетелдік болса, ондай кәсіпорындарға тұрақты тексеру жүргізіледі. Бастысы, Ең­бек министрлігі кез келген заңбұзуға жедел әрекет ете алады. Шетелдік жұмыс күшіне квота тағайындау ережесі мен рұқсат беру ережесі, төртінші санаттағы жұмысшы мамандығы бойынша шетелдік жұмысшының санын қысқарту мәселесі де қайта қаралады. Сон­дай-ақ мамандардың жергілікті құрамына қатысты талаптар да күшейтіледі.
Ел азаматтарын орталық орган­дардың бюджетін қарастыруға көптеп тартылуын қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігі Ұлттық кеңес мүшелерімен бірге «Азаматтық бюджет» жобасының форматын өзгерту үшін ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобын құрды. Халық бюджет қаржысының жұмсалуы туралы сенімді ақпарат алуға құқылы. Мемлекет басшысы ашықтықтың осы принципі мемлекет аумағында жүргізілетін қаржы операцияларының барлық түріне қатысты болатынын жеткізді. Ол, со­нымен бірге еліміздің сыртқы креди­торлар алдындағы берешегіне қатысты алып-қашпа әңгімені доғару үшін Ұлттық экономика, Қаржы министр­ліктері және Ұлттық банкке 2020 жыл­дың 1 сәуіріне дейін цифрландырылған мәліметтер базасы түріндегі сыртқы қарыздың бірыңғай тізілімін әзірлеу туралы тапсырма берді. Ал Ұлттық банк жаңа жылдан бастап Ұлттық қор трансферттерінің валюта нарығындағы айырбасын ай сайын және тоқсан са­йын жариялап отыруға міндетті болды.
Мемлекет басшысы, Ұлттық кеңесте қабылданған шараларға қарамастан, көлеңкелі экономика мәселесі шешімін таппай отырғанына алаңдаушылық білдірді.
– Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрлі тәсілдері жойы­лар емес. Шын мәнінде, бұған қарсы тиімді күресе алмай келеміз. Құзырлы органдар көбіне тиісті шараларды дер кезінде қолданбайды. Салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді. Ал нағыз ұйымдастырушылар жауапкер­шіліктен құтылып кетеді. Сондықтан заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек. Кеңес мү­шелері осы жұмысқа бизнес өкілдерін жұмылдыруды ұсынды. Өздерінің ықтимал контрагенттерін бағалау және тексеру үшін оларға тиімді құрал беру қажеттігі айтылды, – деген Мемлекет басшысы осыған орай Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектілерінің ашық, интеграцияланған мәліметтер базасын жасайтынын айтты. Сонда әр кәсіпкер өзінің контрагентін тексере алады. Деректер базасын толтыру және кә­сіпорындарды жіктеу салық, кеден, құ­қық қорғау органдарының ақпарат­тарына негізделеді. Кәсіпкер контра­гентті тексеріп, «қызыл аймақтан» тап­паса, салық және айыппұлдар есептел­генге дейін осы контрагентпен мәміле қылмыстық қудалауға жатпайды. Егер мәліметтер базасына сәйкес, контрагент «қызыл аймақта» болса және бизнесмен онымен әлі де жұмыс істей беру туралы шешім қабылдаса, онда ол үшін мұндай шешімнің салдары ауыр болады. Бұл бастама алдағы жылы Салық кодексінде және басқа да заңна­малық актілерде нақты көрініс табады.
Ұлттық кеңесте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау күшейетіні де айтылды.
– Білім алуға, жұмысқа орналасуға, тұрғын үй мәселесін шешуге арналған негізгі талаптар баршаға түсінікті болуы қажет. Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бұл мәселені шешуге бизнес өкілдері мен мемлекеттік ком­панияларды тартуда. Осы тәжірибені басқа да өңірлерге тарату керек. Сон­дай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізу қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жү­гінсек, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі 106 мың адамның 25 пайызы ғана жұ­мыспен қамтылған. Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабыл­дау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Үкіметке осы міндеттің орындалуын қадағалауды тапсырамын, – деген Президент барлық аймақта Еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орта­лықтары жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. Себебі Ақмола, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында әлі күнге мұндай орталықтар жоқ екен.
Президент латын графикасына кө­шу мәселесінде тыңғылықты, тексе­рілген ұстаным қажет екенін атап өтті.
– Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шық­ты. Сондықтан бұл проблемада шы­найы ғылыми әдіс керек. Ғалым­да­рымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды, – деді.
Қоғамдық санаға митингі мәдение­тін дағдыландыру уақыты жеткенін айтқан Қ.Тоқаев митингі құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік еке­нін еске салды. Бұл ретте, «Бейбіт жиын­дар туралы» заң жобасы әзір­ле­н­генін, онда бейбіт жиындардың бар­­лық формасы нақты айқындалып, арнайы орындарды анықтау бойынша мәслихаттар құзыреті бекітілетінін, «ұйымдастырушының мәртебесі», «қатысушы мен байқаушы мәртебесі» түсініктері, олардың құқықтары мен міндеттері қамтылатынын атап өтті.
– Бұл тұрғыда қолданыстағы заңға өзгерістер емес, концептуалды жаңа заң туралы айтылып отыр. Бұл құжат бейбіт жиындардың барлық формасын ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін регламенттейді. Үкімет Парламент қарауына заң жобасын енгізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінгі таңда саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек. Ал кеше Президент тіркелу үшін партия мүшелері саны­ның төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынды.
– Бұл – айтарлықтай маңызды өзгеріс. Ол азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партияларға және сайлауға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгер­туіміз керек, – деді Президент.
Ұлттық кеңес отырысында елді елең еткізген мәлімдеме парламенттік оппо­зиция институтына қатысты болды.
– Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талапта­ры­ның бірі екеніне көз жеткіздік. Сон­дықтан Парламенттегі саяси азшылық­тың негізін заң жүзінде бекіту қажет. Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нор­малармен толықтыру қажет. Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері Пар­ламенттегі кейбір комитеттердің төра­ғасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қыз­меттің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық кеңес мүшелерінің көңілінен шыққан келесі шешім – Қылмыстық кодекстің жала туралы 130-бабы. Бұл мәселе Ұлттық кеңестің бірінші оты­рысында да көтерілген болатын.
– Бұл бапты декриминализациялау ұсынылды. Дегенмен байыпты қарсы аргументтер де бар. Кейбір қоғам мүшелері, тіпті құқық қорғаушылар Қылмыстық кодексте бұл норманы сақтауды жақтап отыр. Өйткені әңгіме адам құқын қорғау, оның абыройы мен ар-намысын сақтау жайында болып отыр. Кейбір мемлекеттік органдар 120-баптың бірінші тармағына ғана өзгертулер енгізуді ұсынады. Қылмыс­тық кодекстің 130-бабын өзгерту мәсе­лесінің өзіне ғана Ұлттық кеңестің мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен бірнеше тал­қылау өтті. Осы норманы талқылау ба­рысында бір шешім табудың қанша­лықты күрделі екені анық байқалды. Барлық ұстанымды және бұл мәселенің ерекшеліктерін сараптау қорытындысы мен Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және оны Әкім­шілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдадым, – деді Қ.Тоқаев.
Ұлттық кеңестің отырысында ірі саяси шешімдермен қатар, бір қарағанда елеусіз, алайда салдары ауыр жазаларды жұмсарту туралы шешімдер де қабыл­данғанына куә болдық. Мысалы, көлік жүргізушілер өзімен бірге жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігін, техникалық паспортын, жол жүру парағын және басқа да түрлі құжаттарын алып жүреді. Ал енді осы құжаттарын үйіне қалдырып кетсе, жазаға тартылады. Мемлекет бас­шысы келтірген дерекке сүйенсек, осы жылдың 11 айының өзінде ғана құжат­тарын ұмытып кеткен 80 мыңға жуық азамат жазаға тартылған. Қасым-Жо­март Кемелұлы Үкіметке таяу уақытта осы проблемаға қатысты мән-жайды анықтап, қажет болса, заңнамалық актілерге өзгертулер енгізу туралы тап­сырма берді.
Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің отырысын «Реформалардың басты мақ­саты – даму бағытымыздан ауытқымай, оған тың серпін беру. Билік мемле­ке­тіміздің дамуына, болашағына пайдасы тиетін кез келген оң өзгерістерге дайын» деген сөзімен аяқтады.
Ұлттық кеңес құрылғанда бұқараның бұл институтқа сенімі жоғары бола қой­ған жоқ. Кезекті қоғамдық ұйым деп қарағаны рас. Алайда кеше жария болған шешімдер қарапайым халықты айтпағанда, Ұлттық сенім кеңесінің мүшелерінің өзін таңғалдырған жайы бар. Енді қабылданған шешімдердің жүзеге асуын күту ғана қалды.


Бекболат.JPG
Бекболат ТІЛЕУХАН,
Мәжіліс депутаты:
– Ұлттық кеңес отырысында көп қозғалған мәсе­ле­нің бірі – латын әліпбиіне өту. Пре­зидент бұл мә­селеде ғалым­дар­дың пікіріне сү­йе­ніп, сараптама жасау керегін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен тағы бір маңызды мәселе – қазақ тіліне реформа жасау. Бұл мәселе бойынша ғалымдар тарапынан екіұдай пікір қалыптасуы мүмкін. Мысалы, түрік тіліне реформа жасау арқылы жалпы тілдерді игеру жағын қарастырған.
Шығармашылық тіл – бір басқа, күнделікті қолданатын ауызекі тіл – бір басқа. Тілді сақтау тек заңмен іске асатын нәрсе емес. Бұл қадамның маңыздылығын естіген бойда түсіне қоймауымыз мүмкін, бірақ түбегейлі бір нәрсе іске асатын болса тілдің көкжиегі ашылады. Президентіміз айтқандай, бұл – жеңіл-желпі қа­райтын нәрсе емес. Бұл жерде ғалым­дардың еңбегі, қоғам тарапынан көмек керек. Яғни реформа қажет. Бұл – ұлт тағдырына қатысты ма­ңызды қадам.

Жамбыл.JPG
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қой­ған мақсаты мен Ұлттық кеңес­тің алғашқы оты­рысында айтылған мәселелердің ше­шілу барысы туралы баяндамасы қоғамның көңілінен шықты. Себебі алғашқы отырыста айтылған мәсе­лелердің шешімі табылып жатыр. Бұған дейін халық саяси реформа керек екенін айтқанымен, ол билік тарапынан ешқандай шешімін тапқан жоқ. Ұлттық қоғамдық кеңес құрылғаннан кейін бұл мәселе шешімін табатындай. Мысалы, Президент саяси реформа халықты дүрбелеңге әкелмейтін, біртіндеп жасалатын реформа екенін айтты.
Митинг туралы жаңа заң жоба­сында митинг өткізу тәртібі белгі­лен­ді. Ол жай ғана құқық емес, жауап­кершілік екені белгіленді. Енді ми­тинг өткізер кезде митингтің қайда өтетіні, қанша адам жиналатыны және қандай мәселе қаралатыны туралы ескертіп айту жағы қаралады. Митингтің өтуі заңнамаға қайшы болмауы қажет. Бастысы, қоғамдық тәртіпті бұзбауы керек.



Ержан.JPG
Ержан СЕЙІТҚАЗИНОВ,
Өңірлік БАҚ альянсының президенті:


– Қылмыстық кодекстегі 130-бап­тың Әкім­шілік кодекске ауыстырылып, декрими­нали­за­ция­­ланатынына қат­ты қуандым. Бұл шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын жүзеге асыру ниетін көрсетеді.
Біз 130-бапқа қатысты мәселені Өңірлік бұқаралық ақпарат құрал­дары альянсы шеңберінде аз көтерген жоқпыз. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің Президент қа­тысқан отырыста осы мәселені кө­тер­генінен де хабардармын. Мем­лекеттің бізге – бұқаралық ақпарат құралдарына назар аударғанына, біз көтерген мәселеге құлақ түргеніне қуаныштымыз. Президенттің осы шешімі арқылы адамдарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілді, бірақ солай екен деп әлеуметтік желідегі әрбір пікірге еріп кетпей, жеті рет өлшеп, бір рет кесуді үйрену қажет. Қауесетке ере бермей, бір мезет ішкі цензураға құлақ асуды меңгеруіміз керек деп ойлаймын.



Саясат.JPG
Саясат НҰРБЕК,
BTS Education компаниясының басшысы:
– Өте ауыр жұмыс болды. Бір жағынан, ми­ни­с­тр­ліктердің, ве­дом­стволардың, сарапшылардың өз ұстанымы бар. Екінші жағынан, біздің жекелеген ұстанымымыз бар және дөрекілеу айтсам, бізге көбіне үйлестіруге тура келді. Біз команда болып өте жақсы жұмыс істей алмайды екенбіз. Сондықтан бізге өзімшілдігімізді басып, түсінісуге тура келді. Біздің әлеуметтік топ сәл өзгешелеу жолмен жүрді. Біз жо­ғарыдан төмен емес, төменнен жо­ғары жұмыс істей бастадық. Еңбек, Денсаулық сақтау, Білім, Мәдениет министрліктерімен шамамен 25 кездесу өткіздік. Басты нүкте ретінде мемлекеттік бағдарла­ма­лар­ды таңдап алдық. Өйткені өте көп ұсыныстар әзірлеуге болады. Де­генмен бұл нақ­ты бағдарлама ая­сын­да шоғырлан­баса, онда нәтиже аз шығады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бар­лық ұсыныспен егжей-тегжейлі танысты. Ұлттық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі Президентпен жеке кездесіп, өздерінің барлық тілегін айтты. Бүгін Мемлекет басшысынан ұсыныстарымыздың 70-80 пайызын естідік.

Мухтар.JPG
Мұхтар ТАЙЖАН,
экономист:
– Ұлттық ке­ңес­тің бірінші отырысында жа­сал­ған негізгі ұсы­ныстарымыз қа­был­данды, шы­ным­ды айтсам, мұн­дай нәтиже бо­ла­ды деп күтпеп едім. Енді заң­намаға өзгерістер енгізуді жедел­де­туіміз керек. Әрине, жобалар жа­сауда Мәжіліс депутаттарымен бірге жұ­мыс тобында жұмыс істе­уімізге тура келеді. Сонда бүгін қабылданған шешімнің дұрыстығын дәлелдеуге күш саламыз. Бұл жерде бізге қоғам­ның белсенділігі де қолдау болады.
Бізге жер қатынастарының ашық­тығы қажет. Ол үшін ғарыштан мо­ниторингілеу туралы бұйрық керек-ақ. Мұны 3 ай бұрын өткен отырыста айтқан едім. Өкінішке қарай, содан бері бұйрық шыққан жоқ. Бізде өте күрделі деген кейбір заңдардың өзі екі айда Мәжіліске кіріп, талқыланып қабылданады. Ал кішігірім бұйрық бү­гінге дейін Жер комитетінен шық­қан жоқ. Жаңа жылға дейін сол бұй­рықтың шығуына атсалысуымыз керек.

Расул.JPG
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:
– Барлық мә­се­лені бір-екі ай­дың ішінде шеше алмаймыз, ол қо­лы­мыздан келмей­ді де. Ең бастысы, негізгі басымдық­тарға назар ауда­рылды. Саяси модернизация туралы шешім шын мәнінде қабылданса, басқа мәселелерді шешуге ықпал етер еді. 
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында сөз бен істің арасындағы сабақтастық, сөзден іске көшу мені қанаттандырды. Баста­масы жаман емес. Әрине, айтылмаған мәселе өте көп, де­генмен әр нәрсенің өз регламенті мен уақыты бар. Кө­ңілде көтерсек деген мәселе көп, мысалы, қарыз, экономиканың мұ­най мен газға тәуелділігі, жастар мә­се­лесі де­гендей. Бірақ ең негізгі ұсыныстар қабылданды. Сол шешім­дер қорда­ланған өзге түйткілді мәсе­лелерді шешуде тұғыр қалыптастыра алады деп ойлаймын.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Похожие публикации

Лента новостей

14.01.20
NUR OTAN: Нұрлының мәселесі шешілді
10.01.20
Молодые люди напоили горячим чаем столичных комунальщиков
09.01.20
Все граждане Казахстана имеют равные права
09.01.20
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы
08.01.20
Nickelodeon мен Walt Disney қызыққан қазақ кім?
06.01.20
Мясопереработка и чистая вода. Что волнует жителей Павлодарской области?
27.12.19
Қасым-Жомарт Тоқаев жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан азаматтардың туыстарына көңіл айтты
26.12.19
Арман Кырыкбаев стал Секретарем партии Nur Otan
25.12.19
Честность и добропорядочность
24.12.19
Тілдің жайы сөз болды
21.12.19
Халықтан биік ешкім жоқ
20.12.19
Партийный контроль
18.12.19
«Алтын домбыра» мәресіне жетті
13.12.19
Активных членов «Nur Otan» отметили государственными и партийными наградами
13.12.19
«Nur Otan» партиясы қандастарға қолдау көрсетеді
11.12.19
Жұмыспен қамту көрсеткіші өскен
10.12.19
Нужно чаще говорить о Независимости - Павел Казанцев
09.12.19
ЕЛБАСЫ БИБІГҮЛ ТӨЛЕГЕНОВАНЫ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
09.12.19
Елордада «JYR AMANAT» концерт-спектаклі өтті
06.12.19
Елордада «Алтын тұғыр – 2019» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі өтті
Все новости

Архив публикаций

«    Январь 2020    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
Поговорим о сериалах:

Наши партнеры

Наверх