
Өңірдің ұстаздар қауымымен кездесуде алдағы 5 жылда білім саласын дамытудың негізгі басымдықтары талқыланды.
«Біздің міндетіміз – мұғалім кәсібінің беделін одан әрі көтеріп, ұстазға құрметті күшейту. Енді педагогтар жалақысы 2 есе өсетін болады. 2025 жылға қарай 800 жаңа білім беру нысанын салу есебінен апатты және үшауысымды мектеп мәселесі шешіледі. Сондай-ақ, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылады. Барлық ауылдық мектептер жылдамдығы жоғары Интернетпен қамтылады», - деп атап өтті Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.

«Елбасының Мемлекеттік бағдарының сабақтастығын сақтай отырып, «Nur Otan» қоғамда, әсіресе жастар арасында өзара құрмет пен барша азаматтың теңдігі құндылығын дәріптеуді жалғастырады. Біздің бағдарламамызда жастарды жұмыспен қамтуға және олардың өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» Съезінде атап өткендей, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар санын 50%-ке ұлғайту жоспарланып жатыр. Жастар ұйымдарының жобаларын және волонтерлік қозғалысты дамытуды гранттық қаржыландыру 1,5 есе ұлғайтылады», - деді ол.

Осы күні сайлауалды штаб мүшелері Орал трансформатор зауытының жұмысшыларымен кездесуде өңірдің проблемаларын талқылады.
Партия 5 жыл ішінде облыста 800 км-ден астам автомобиль жолдарын жөндеу, ауыл тұрғындарының сумен қамтылуын 100%-ға жеткізу міндетін қойып отыр. Өңірде 11 жаңа мектеп және 2 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй салынады. Осы арқылы әлеуметтік мұқтаж азаматтарға 8 мың пәтер берілетін болады.
